Қостанай облысының
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ПОРТАЛЫ
  • kz
    • ru
    • en
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстандағы байырғы музейлердің бірі, іргесі 1915 жылы қаланған. Музей қала ортасында ХХ ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші болып табылатын ғимаратта орналасқан. Жітіқара ауданының Тоқтаров ауылындағы секторымен Жітіқарада өкілдігі бар. Сонымен бірге музей құрамына Қостанай қаласы Алтынсарин көшесі, 113 мекенжайында орналасқан бейнелеу өнері бөлімі кіреді.

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстандағы байырғы музейлердің бірі, іргесі 1915 жылы қаланған. Музей қала ортасында ХХ ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші болып табылатын ғимаратта орналасқан. Жітіқара ауданының Тоқтаров ауылындағы секторымен Жітіқарада өкілдігі бар. Сонымен бірге музей құрамына Қостанай қаласы Алтынсарин көшесі, 113 мекенжайында орналасқан бейнелеу өнері бөлімі кіреді. 

Музей құрылған күннен ғылыми-зерттеу жұмыстарына айрықша көңіл бөліп келеді. Қазақстан музейлерінің арасында алғаш рет облыстық музей 2001-2009 жылдары облыстың барлық аудандарының 134 ауылдарына кең ауқымды этномәдени экспедиция жүргізіп, қоныстану тарихын және елді мекендердің қазіргі әлеуметтік-экономикалық жай-күйін зерттеді. Музейдің ғылыми қызметкерлері бірегей археологиялық ескерткіштер Бестамақ обасы мен Халвай қорғандары тобының қазба жұмыстарына қатысты. Музей маманы-археологтың көмегімен «Қостанай облысының археологиясы» электрондық оқулығы, «Ежелгі Торғай - ұлы дала төсіндегі асыл алқа»  атты ғылыми мақалалар жинағы шықты. 

Музей Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары және ұйымдары, жақын және алыс шетелдермен - Ә.Марғұлан атындағы археология институты (Алматы), Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология  және антропология институты (Мәскеу), археология және этнография институты (Новосібір) және РҒА-ның Сібір бөлімшесінің Солтүстікті игеру мәселелері институымен (Түмен) жемісті еңбек етіп келеді.  

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығы 131 мыңнан астам музей заттарынан тұрады, бұл облыстың музей қорының жартысына жуығын құрайды. Музейдің археологиялық жиынтығында алғашқы қауымдық өнердің әлемге танымал туындылары: «Тобыл ойшылы» тас мүсіні, арқар басы бейнеленген құрбан шалатын, «Балға-құдай» құрбандық балғасының ұшы бар. Музейдің көркемсурет жиынтығында Қазақстан, Ресей, Украина, Күнгей Кавказдың бейнелеу өнерінің алдыңғы қатарлы қылқалам шеберлерінің 4 мыңға жуық кескіндеме, графика және мүсіндік туындылары бар. Музей этнографиялық қордың қалыптасуына айрықша көңіл аударады, өлке халықтарының ұлттық костюмдері  және зергерлік әшекейлер жиынтығы ерекше көз тартады. «Халық костюмдерінің поэзиясы» атты көрме Өскемен, Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстық музейлерінде, археология жиынтығының раритеттерінен «Беймәлім Қазақстан – Археология Азия жүрегінде» атты көрме Германияның Бохум қаласындағы Тау-кен ісі музейінде (ФРГ) қойылды. Музей қызметкерлері Астанада ЭКСПО-2017 шеңберінде өткен этноауыл жұмысына белсене араласты.

Музейде 10 экспозициялық залдар: «Өлкенің ежелгі тарихы», «Қостанай облысының табиғи байлықтары», «Туған жер тарихы», «Қостанай қаласының құрылуы», «Қостанай облысы: үміт пен жасампаздық», «Қостанай облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында» (екі зал), «Қостанай жерінің мақтаныштары» және екі көрме залы  жұмыс істейді. Музей кешенінің құрамына ішкі ауладағы «Ашық аспан астындағы музей», «Ату жазасы орындалған қабырға» тарих ескерткішімен Тарихи бақ енеді.

Музейге жыл сайын 180 мыңнан астам адам келеді және көшпелі мәдени-білім беру бағдарламаларына қатысады.

Байланыстар:

Мекенжайымыз: Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі,115

Телефон: 8(7142)50-10-23; 8(7142)50-03-89; 8(7142)50-35-74

Директордың қабылдау бөлмесі: 8(7142)50-11-13

Анықтама: 8(7142)50-03-89

Сайт: http://kraeved-kst.kz/ru.html 

Instagram: https://www.instagram.com/kostanaymusey/

Е-mail: obl_muzey@mail.ru