Жер кодексінің 43-бабының 3-тармағына сәйкес жер телімдеріне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқықтарының өздеріне берілуіне мүдделi жеке және заңды тұлғалар өтініш берушіге өтініштің берілгенін растайтын құжатты беретін, жер телімі орналасқан жер бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органына, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкiмiне өтiнiш бередi.
Өтiнiште: жер телімін пайдалану мақсаты; оның болжамды көлемi; орналасқан жерi; сұралып отырған пайдалану құқығы; басқа жер телімінің болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс.
Пайдалы қазбаларды өндіру жағдайда, өтінішке жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың көшірмесі қоса беріледі.
Сұралып отырған жер телімін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау үшін жер теліміне құқық беру туралы өтiнiш жер телімі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органдарына үш жұмыс күні ішінде келіп түседі.
Жер теліміне құқық беру туралы өтінішті қараудың жалпы мерзімі келіп түскен кезінен бастап екі айға дейінгі мерзімді құрайды.
Көрсетілген мерзiмге:
- жерге орналастыру жобасын жасау;
- келісу;
- жергілікті жердегі жер телімінің шекарасын белгілеу кезеңдері кірмейді.
Жер телімі орналасқан жер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың уәкілетті органы және тиісті жергілікті атқарушы органдардың сәулет және қала құрылысы саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері сұралып отырған жер телімін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды.
Мемлекеттік меншіктегі жерден жер теліміне құқық беру мынадай тәртіппен жүргiзiледi:
1) жер теліміне тиiстi құқық беру туралы өтінішті қарауға қабылдау;
2) сұралып отырған жер телімін аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлімделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындау (Жер телімін таңдау туралы актіні ресімдеу – 10 жұмыс күн);
3) жер телімін алдын ала таңдау (елді мекен шегінде объектілер салуды қоспағанда, объектілер салу үшін жер телімі сұралған кезде) (Хаттама – 5 жұмыс күн);
4) тиісті жергілікті атқарушы органдармен құрылатын комиссияның жер телімін беру туралы қорытындыны дайындауы;
5) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекiту; Комиссияның қорытындысы негізінде жерге орналастыру жобасы дайындалады. Жерге орналастыру жобасының құрамында берiлетiн жер телімінің көлемi, оның шекарасы мен орналасқан жерi, жер телімінің аралас меншiк иелерi және жер пайдаланушылар, сондай-ақ берілетін жер учаскесінің ауыртпалықтары мен сервитуттары нақтыланады. Жоғарыда көрсетілгендей, жерге орналастыру жобасын құру 2 айлық жалпы мерзімге кірмейді;
6) облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің жер теліміне құқық беру туралы шешiм қабылдауы (Әкімдіктің шешімі/қаулысы – 7 жұмыс күн). Қаулының көшірмесі өтініш берушіге 5 күн ішінде жіберіледі.
7) сатып алу-сату немесе уақытша (қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді) өтеулі (өтеусіз) жер пайдалану шартын жасасу;
8) жергілікті жердегi жер телімінің шекарасын белгiлеу;
9) елді мекен шегінде объектілер салуға арналған жер телімін қоспағанда, жер теліміне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру.