Қостанай облысының
ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ПОРТАЛЫ
  • kz
    • ru
    • en
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары
Президенттің Қостанай облысына сапары

2019 жылғы 21 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік – жастардың әлеуметтік лифті» атты Қазақстан-Ресей жастарының ынтымақтастық форумына қатысты.

Форум алдында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей жастарының STARTUP-жобаларының көрмесін аралады. Сондай-ақ, Қостанай облысы Жастарға қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты.

Жиынға қатысушыларға арналған сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев аталған форумның білім мен тәжірибе алмасуға, пікірлестер тауып, ортақ мақсаттар мен жоспарлар жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында елімізде еріктілердің қозғалысына айрықша көңіл бөлінетінін айтты.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жастар жылы аясында өткізілетін негізгі іс-шараларға тоқталды.

Қазақстан Президенті еріктілер қозғалысының көшбасшыларын еліміздегі ауқымды әлеуметтік міндеттерді шешу үшін белсенді атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей жастарының екіжақты байланыстарды нығайтуға қосқан үлесіне жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің еріктілер қозғалысы арасындағы серіктестікті ынталандыруға бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.

Сонымен қатар, форум барысында Мемлекет басшысы жастар ұйымдары көшбасшыларының 2020 жылды Волонтерлер жылы деп жариялап, тарихи-мәдени орындарға бірлескен археологиялық және іздеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі бастамасын қолдады.

Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапары барысында «СарыарқаАвтоПром» автомобиль құрастыру кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың даму перспективалары мен жаңа өндіріс қуатын қалыптастыру стратегиясы жөнінде баяндалды. Содан кейін Қазақстан Президенті шанақтарды бояйтын әмбебап цехтың және ірі бөлшектер арқылы құрастыру әдісі бойынша (DKD) автомобильдерді сериясымен шығару цехының жұмыстарымен танысты.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінде әлемдік сапа стандартына сәйкес заманауи жоғары технологиялық экономика құрып жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, осы салада жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар Қазақстан Президентіне өздерінің жобасын таныстырды.

«iKomek» қоғамдық қабылдау жұмысымен танысу барысында, Мемлекет басшысына «109 Call-орталығы» бірыңғай байланыс орталығының жұмысы және «Ашық әкімдік» жобасының жүзеге асырылу барысы жөнінде мәлімет берілді.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мониторинг және шұғыл әрекет ету ахуалдық орталығының жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше «iKomek» орталығының тәжірибесін республиканың барлық өңірлеріне кеңінен тарату қажет.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму саласына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады.

Сапардың соңғы объекті «Олжа Садчиковское» ЖШС болды.

Мемлекет басшысы өсімдік және мал шаруашылықтарымен айналысатын «Олжа Садчиковское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік көрсеткіштерімен танысты. Кәсіпорын Қостанай облысының ішкі қажеттігін және еліміздің өзге өңірлерін сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу барысында аналитикалық және цифрлық жүйенің қолданылу мүмкіндіктері көрсетілді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілермен әңгімелесті.

Мемлекет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырған өңірдің аграрлық саласының дамуын жоғары бағалады.

Кездесуге қатысушылар ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мемлекеттік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.


21.05.2019