Іздеу

Бизнестің жол картасы - 2020

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыратын тетіктердің бірі болып табылады.

Аталмыш Бағдарламаның мақсаты: шикізаттық емес экономика секторларындағы өңірлік кәсіпкерліктің тұрақты ырғақпен және теңдестірілген үдеріспен өсуін қамтамасыз ету, сонымен қатар әрекет ететін жұмыс орындарын сақтап қалу және тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының әлеуетті қатысушылары үшін экономиканың басым секторлары келесідей:

  1. агроөнеркәсіп кешені;
  2. тау-кен өндіру өнеркәсібі саласындағы техникалық қызметтер*;
  3. жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі;
  4. құрылыс материалдарын және металдан жасалмаған басқа да минералды өнімдерді өндіру;
  5. металлургия, металл өңдеу, машина құрылысы;
  6. басқа да өнеркәсіп секторлары (соның ішінде басқа да дайын бұйымдарды өндіру; электр қуатымен қамту, газ беру, бу беру және ауаны кондициялау; суды жинау, өңдеу және үлестіру; канализация жүйесі; қалдықтарды жинау, өңдеу және үлестіру, қалдықтарды кәдеге жарату; рекультивация және қалдықтарды жою саласындағы басқа да қызметтер)
  7. көлік және қоймалау;
  8. туризм;
  9. ақпарат пен байланыс;
  10. кәсіби, ғылыми және техикалық қызмет;
  11. білім беру;
  12. денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер;
  13. өнер, ойын-сауық және демалыс;
  14. басқа да қызмет түрлерін көрсету (компьютерлерді, жеке тұтыным заттарын және тұрмыстық тауарларды жөндеу).

Бірінші бағыт - «Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау»

Жаңа бизнес-бастамаларды қолдау дегеніміз - жаңа жобаларды іске асыратын немесе іске асырғысы келетін кәсіпкерлерге жеңілдікпен көмек көрсету, сонымен бірге экономиканың басым секторларындағы өндіріс саласын жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған жобаларға қолдау көрсету мәселесін өз ішіне алатын іс-шаралар кешені болып табылады. Егер де кәсіпкер осы анықтамаларға сай келетін болса, ол келесі көмек түрлеріне үміттене алады:

  • Кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бөлігін субсидиялау*;
  • Кредиттер бойынша ішінара кепілдік беру*;
  • Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту;
  • Бизнес жүргізуге сервистік қолдау көрсету;
  • Кадрларды даярлау, жас мамандарды тәжірибеден өткізу және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру.

Екінші бағыт - «Кәсіпкерлік секторын сауықтыру»

Бағдарламаны іске асыру мақсатындағы екінші бағыт - кәсіпорындарды сауықтыруға бағытталған және сондай кәсіпорындардың аясында келесідей қолдау көрсетіле алады:

Банктерден алынған кредиттер бойынша және жобаны мақұлдағаннан кейін туындайтын бір кредит желісінің аясындағы жаңа берешекке қатысты пайыздық мөлшерлемені борышқор-кәсіпорынға субсидиялау (мақұлданған сәтте);

Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді (төлемақы көзінен шегерілетін жеке табыс салығынан басқа) төлеу мерзімін кейінге қалдыру үшін Борышқорға рұқсат беру мәселесін қарастыру, бірақ ҚР Салық кодексінде белгіленген тәртіпке сай көзделетін өсімпұлды есептемеу;

Қаржылық-экономикалық сауықтыру жоспарының аясында кәсіпорындарды сауықтыру, соның ішінде Қазақстан қор биржасында орналастырылған облигациялар бойынша ішкі кредиторлардың алдындағы берешек жөніндегі басқа да іс-шаралар.

Үшінші бағыт - «Экспортқа бағытталған өндірістерді қолдау»:

Берілген кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бөлігін субсидиялау бағдарламасына кәсіпкерлер қатыса алады.

Субсидиялар, сыйақы мөлшерлемесі 12%-дан аспайтын кредиттер бойынша ғана беріле алады, олардың 4%-дан аспайтын мөлшерін Экспортшы-кәсіпкер төлейді, ал 8% - мемлекет өтейді.

Бұл кезде Банк:

  • Экспортшы-кәсіпкер тарапынан бастама жасалған кредит беру шарттарының өзгеруіне байланысты алынатын;
  • Экспортшы-кәсіпкер кредит бойынша міндеттемелерін бұзғандығы себебінен алынатын;

комиссияларды, алымдарды және/немесе өзге де төлемдерді қоспағанда, қандай да бір комиссияларды, алымдарды және/немесе кредитпен байланысты өзге де төлемдерді өндіріп алмайды.

Кредит бойынша атаулы сыйақы мөлшерлемесі 12%-дан кем болса, оның 8%-ын мемлекет өтейді, ал айырмасын Экспортшы төлейді.

Кәсіпкер, өндірілетін өнімнің 10%-дан көп мөлшерін экспорттауға тиіс. Осы деректер тоқсан сайынғы есептеменің негізінде тексерілетін болады және бағдарламаның қатысушысы болып табылатын Кәсіпкер аталған есептемені жүргізеді де, оны «Даму» қорына ұсынады, ал «Даму» қоры болса, ұсынылған деректердің растауын алу үшін оны салық органдарына ұсынады.

Субсидияланатын кредиттің сомасы Экспортшы-кәсіпкердің әрбір жекелеген Жобасы бойынша 19,6 млн. АҚШ долларынан аспауы керек. Бұл кезде, Экспортшы-кәсіпкердің әрбір жобасына кредиттің сомасы бөлек есептеледі, бірақ онымен үлестес тұлғалардың/компаниялардың кредит бойынша берешегі есептелмейді. Егер де Экспортшы-кәсіпкердің жекелеген Жобасына берілген кредиттің/кредит бойынша негізгі қарыз қалдығының жалпы сомасы 19,6 млн. АҚШ долларынан асатын болса, онда Экспортшы-кәсіпкер бір жоба бойынша 19,6 млн. АҚШ доллары шегіндегі субсидиялау нысанындағы мемлекеттік қолдауды алуға құқылы болады.

Субсидиялау мерзімі 1 (бір) жылдан 3 (үш) жылға дейінгі кезеңнен тұрады, сонымен қатар мерзімі 10 (он) жылға дейін одан әрі ұзартыла алады.

Банктерден берілген кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлеменің бөлігін субсидиялау арқылы қолдау көрсетілетін болады.

Төртінші бағыт - «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту»:

Төртінші бағыт - өндірістерді жаңғырту және бизнесті басқарудың заманауи үлгілерін енгізу мақсатымен, кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуге бағытталған.

Осы бағыттың аясында, қолдаудың келесі түрлері ұсынылған:

жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсету (старт-ап жобалар);

әрекет ететін бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету;

шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту;

шетелдегі серіктестермен іскерлік байланыс орнату арқылы өндірістерді жаңғырту және кеңейту;

еңбек нарығында қажет етілетін мамандықтар бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау.

Шағын және орта бизнеспен айналысатын және айналысқысы келетін кәсіпкерлерге, экономиканың басым секторларындағы тегін негіздегі мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген кәсіпкерлер, өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі - ЖАО) тарапынан іріктеледі.

Жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің мәні - кәсіпкерліктің негіздеріне үйрету, сонымен қатар бизнесті ашуға және жүргізуге қажетті құжаттардың стандартты пакетін ұсыну болып табылады.

Әрекет ететін бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсетудің мәні - ЖАО-мен келісе отырып, мамандандырылған сервистік компаниялар тарапынан кәсіпорындардың негізгі бизнес-үдерістері бойынша ақыл-кеңес беру және қызмет көрсету жөніндегі қызметтерді ұсыну болып табылады.

Шағын және орта бизнестің топ-менеджменті «Назарбаев Университеті» АҚ бизнес-мектебінің негізінде оқытылады және заманауи оқыту үлгілерін қолдана отырып, бизнес-курстарды беруді қарастырады.

«Іскерлік байланыстар» жобасы - әрекет ететін кәсіпкерлерді оқыту және үздік бизнес-жобаларды дайындаған қатысушыларды шетелдегі тағылымдамадан өткізу мақсатын көздейді.

Бағдарламаның талаптарына сай келетін барлық кәсіпорындар, қолдаудың барлық түріне ие бола алады. Бағдарламаның шарттарына сәйкес, қолдаудың барлық түрін алуға еш шектеу жасалмайды. Айталық, шикізаттық емес секторда, мәселен, тағам немесе химия өнеркәсібінде әрекет ететін кәсіпорындардың жүзеге асыратын жаңа жобасы бар. Олар өз идеясын Өңірлік үйлестіру кеңесінің қарауына тапсырып, ол жақтан кепілдік беру түріндегі қолдау алып, содан соң банкте жаңа кредитті рәсімдейді де, жұмысқа кірісе бастайды. Мысалы, жаңағы кәсіпорынның басқа өңірде әрекет ететін өндірісі бар дейік, енді соның жобасы арқылы, бар болған берешекпен бірге - алынған кредит те субсидиялана алатын болады.